Ақмола облысында қаңғыбас иттерге арналған панажайлар салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қаңғыбас иттер мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Әкімнің айтуынша, өңірде үй-күйсіз иттерге арнайы панажай салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Расында да бізде қаңғыбас иттер мен мысықтар проблемасы бар. Мемлекет басшысының сәуір айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге ерекше назар аударғаны кездейсоқ емес. Өткен жылдың наурыз айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылдағанда біздің экологтар, зоотехниктер жеңіске жетті. Содан бастап көп нәрсе өзгерді, жануарларға деген көзқарас өзгерді. Қазір біздің ветеринарлық станциялар ит-мысықты аулай алмайды, ата алмайды. Мұнда чиптеу, панажайларда ұстау секілді арнайы алгоритмі бар. Бұған біз шамамен 100 млн теңге бөлдік. Өткен жылы 10 млн теңге бөлінген еді. Яғни, бөлінетін қаражатты 10 есеге ұлғайттық

, - деді Е. Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге облыс әкімі өңірде қаңғыбас иттерге арнайы панажай салынатынын да айтты.

Біз бес негізгі ауданда жер учаскелерін бөлдік. Елорда маңынан бір панажайға орын табылды. Облыс орталығының жанынан да солай ашамыз. Бұл мәселені үнемі ерекше бақылауда ұстаймыз. Бес айда 1650 ит ұсталды, біз осы алгоритм бойынша жұмыс істеп келеміз. Панажай бойынша конкурста жеңіске жеткен компаниялар бар. Олар жоғарыда айтылған алгоритм бойынша айналысатын болады

, - деді Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар