Ақмола облысында кәмелетке толмаған қыз іздестірілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында үйінен кетіп қалған кәмелеттік жасқа толмаған қыз іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2021 жылғы ақпанның 4-де Зеренді аудандық ПБ кезекшілік бөліміне 35 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, кәмелеттік жасқа толмаған қызы Анель Серікқызы Накенді іздеуге көмек сұрады. Әйелдің сөзінше, оның қызы 2021 жылғы ақпанның 1-де сағат 21:30 үйден кетіп қалған, содан бері оның қайда жүргені белгісіз.

«Анықталғандай, Анель жергілікті колледждердің бірінде бірінші курста оқиды. Анасымен бірге тұрады. Ол 2018 жылдан бері үйінен осымен 6 рет кетіп қалып отыр. Анасының айтуынша, бұл жолы біреу Анельге қоңырау шалған. Содан ол үйінен белгісіз жаққа шығып кеткен», - деді ведомстводан.

Жоғалған қыздың бойы 155-160 см, дене бітімі жұқалау келген, шашы қара, беті сопақ, ерні орташа, құлақтары жабысқан, мұрны тік, үлкен, көздері қоңыр.

Ерекше белгілер: жоғарғы ернінде тыртығы бар.

«Кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланың тұрған жерін анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, оның барысында барлық таныс және жақын адамдардан жауап алынды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қыздың қазір Нұр-Сұлтан қаласында екені белгілі болды», - деп толықтырды ведомстводан.

Қазіргі кезде, тәртіп сақшылары оның нақты жүрген жерін білетін азаматтардан «102» арнайы желісіне қоңырау шалуды сұрайды.


Соңғы жаңалықтар