Ақмола облысында қалың қарда жолда қалған 200-ден астам адам эвакуацияланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Ақмола облысының автожолдарында омбы қарда тұрып қалған 150-ден астам техника мен 200-ден астам адам (оның 15-і бала) эвакуацияланды, жылыту пункттерінде 36 адам орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыздың 5-де болған ақтүтек боранның салдарынан облыс аумағында республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Алайда, соған қарамастан жолға шығып кеткен кейбір көліктер мен жолаушылар жолда қалып, оларды құтқару жұмыстары жүргізілді.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полицияның 14 экипажы автожолдарда қауіпсіздік мақсатында 2000 бірлік автокөліктен тұратын колонналарды, оның ішінде 1500-ге жуық жеңіл автокөлікті, сондай-ақ 500-ге жуық ауыр жүк көлігін алып жүрді. Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері автожолдарда қар құрсауында қалған 150-ден астам техника мен 200-ден астам адамды, оның ішінде 15 баланы эвакуациялады. Жылыту пункттерінде 36 адам орналастырылды.

Облыстық полиция департаменті бастығының нұсқауы бойынша облыс аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 180-нен астам қызметкер және 100-ге жуық қызметтік автокөлік жұмылдырылып, 80 мобильді бекет қойылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Өңірдің ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, эвакуация Степногор қаласындағы, сондай-ақ Астрахан, Бурабай, Жарқайың, Ақкөл, Атбасар, Ерейментау және Шортанды аудандарындағы жылыту пункттеріне жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар