Ақмола облысында із-түссіз жоғалып кеткен ер адам табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында із-түссіз жоғалып кеткен ер адам табылды.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетсек, 1984 жылғы Досай Сұлтанғалиев өзінің «Митцубиси галант» көлігімен қарашаның 3-і күні сағат 10:00 шамасында Жарқайың ауданының Гастелло кентінен Қостанай облысы Карасу ауданының Ушаковка ауылына бармақ болып жолға шығып, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен болатын.

Іздестіру шаралары барысында «Митцубиси галант» көлігі 4 қараша күні кешкі сағат 19:17 минут шамасында «Заря» ауылындағы жұмыс бригадасынан 1 шақырым қашықтықта тұрғаны анықталып, көлік иесі 31 жастағы жігіт табылмаған еді.

ТЖБ көмек сұрап келген жоғалған жігіттің ата-анасының айтуынша, сол күні боран болған және баласы жолды қысқартпақ болып, төтелетіп шыққан.

Бүгін Жарқайың және Есіл аудандары құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен құтқарушылары және еріктілер іздестіру жұмыстарын жалғастырып, жоғалған азаматы Есіл ауданындағы Алматинка ауылынан 10 шақырым қашықтықтан тапты.

Ер адамның айтуынша, сол күні боранда оның көлігі батып қалған көрінеді. Кейін бригада күзетшісі кездесіп, оған көмектеспекші болады. Алайда, қатты бораннан екеуі де адасып кетіп, тастанды бригаданы паналауға мәжбүр болған. Сонда қалған тақтайларды жағып, түнеп шыққан. Таң атысымен екеуі электр бағандарының бойымен бағыт бағдар алып жүріп кеткен. Абырой болғанда, оларды іздестірушілер тапты. Екеуі де дін аман.

Соңғы жаңалықтар