Ақмола облысында интернационалист-жауынгерлер марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағылымды шара интернационалист-жауынгерлер саябағындағы ескерткіштің маңына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан әрі шара Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда Ауған соғысы ардагерлері мен қаза болған жауынгерлердің туған-туыстарын марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Заңғар Ғаббасов, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай, Ауған соғысына қатысушылар және әскери-патриоттық клуб пен жастар бірлестігінің өкілдері интернационалист-жауынгерлер қатысты. Онда бір топ Ауған соғысының ардагері облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.

«Ауған соғысы барлығымыздың жүрегімізге жазылмас жара салды. Бұл қайғылы, ұмытылмас оқиға қазақ халқының есінде мәңгі қалары анық. Осыдан 30 жыл бұрын 15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің соңғы шебі Ауған жерінен шығарылды. Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің ерлігі еш ұмытылмайды», деді Айна Мысырәлімова.

Ақмола облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Заңғар Ғаббасовтың айтуынша, Ақмола өңірінен ауған жеріне 1113 ақмолалық аттанып, оның 60-қа жуығы үйіне оралған жоқ. Бүгінгі күні өңірде 800-ге жуық ардагер-интернационалист бар.

«Он жылға созылған соғыс талай отбасының шаңырағын шайқалтты. Қаншама жастың жүйкесі сыр беріп, өмірден баз кешті. Жат жерде жүру, адам төзгісіз қиындықтармен бетпе-бет келудің азабы өз алдына бір тарих», деді Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дуанбай Ыбырай.

Салтанатты шара жергілікті көркемөнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар