Ақмола облысында фермерлердің мемлекеттен бөлінетін субсидияны негізсіз алғаны анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Ақмола облысының Егіндікөл ауданында фермерлердің мемлекеттен бөлінетін субсидияны негізсіз алғаны анықталды.

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Прокуратурамен жүргізілген тексеріс барысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы К.Шынтеміров пен бас есепші Н.Хисматулинаның сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын бірқатар құқық бұзушылықтар жасағаны анықталды. Мәселен, 2014 жылдың 16-18 маусым аралығында аудандағы «Қарлығаш», «Әсем», «Сары Арқа», «Әлиақбар», «Гүлбарам» шаруа қожалықтарының «Джусупов», «Ақжол» жеке кәсіпкерлер және «Бауманское-07» серіктестігінің басшылары аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне ірі қара тұқымын асылдандыру үшін субсидия алуға өтінім білдірген. Бұл құжаттарды қараған бөлімнің бас маманы Н.Хисматулина іс жүзінде деректерді салыстырып тексерместен, бюджет субсидияларын алатындардың жиынтық актісін құрастырған. Ал бөлім басшысы К.Шынтеміров болса, бас есепші дайындаған жиынтық актіде көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізбестен, оған өзінің қолын қоя салған. Бұл өз кезегінде өтініммен жүгінген тауар өндірушілерге субсидия беруге негіз болған. Осыған байланысты 2015 жылдың 21 сәуірінде аудан прокуратурасымен Егіндікөл ауданы әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Ол жақында Ақмола облысы бойынша Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында қаралды. Онда Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрсе туралы» Заңына сәйкес, бөлім басшысы К.Шынтеміров, сондай-ақ бас есепші Н.Хисматулина сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде шешім шығарылды.

Соңғы жаңалықтар