Ақмола облысында ет өнімдерінің 12 пайызы сапасыз екені анықталды

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2022 жылдың 1 жартыжылдығында ет және ет өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өнім қауіпсіздігінің мониторингі ҚР санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2022 жылдың 1 жартыжылдығына арналған жоспар-кестесіне сәйкес жүргізілген.

«Өнім қауіпсіздігінің мониторингі бойынша өңірде ет өнімдерінің 186 үлгісі іріктеліп алынды, оның ішінде 23 сынама (12,4 пайызы) КО ТР талаптарына сәйкес келмеген. Оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмегені - 8 сынама (4,3%), өнімді таңбалау бойынша - 8 сынама (4,3%) (сақтау шарттары, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, мемлекеттік тіл және өнім айналымының бірыңғай белгісі туралы ақпараттың болмауы), физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша - 4 сынама (2,2%), өзге көрсеткіштер бойынша (тұтынушыны алдау) - 3 сынама (1,6%) бар», - деді ведомстводан.

Осы ретте, Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ет тағамдарын дайындау кезінде бүліну белгілері бар еті (тайғақ беті, жағымсыз, тән емес иіс) пайдаланбау, ерітілген етті екінші рет қатыруға жол бермеу, сақтау шарттарына мән беру (тоңазытқыштың бір сөресінде шикі етті және тұтынуға дайын өнімдерді сақтамау), етті мұқият қайнату және қуыру тәрізді бірқатар ережелерді сақтауды, сондай-ақ, тамақ дайындау процесінде жеке гигиена ережелеріне назар аударуды ұсынады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысындағы 50 балабақшада санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталған еді.



Соңғы жаңалықтар