Ақмола облысында есірткіге еліткен жүргізуші қамауға алынды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда есірткіге еліткен жүргізуші 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 11 қаңтарда «Әскер-5» автопатруль экипажы түнгі сағат екі шамасында Солтүстік өнеркәсіп көшесінің бойында 23 жастағы жергілікті тұрғын тізгіндеген «ВАЗ 2103» көлігін тоқтатқан.

«Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде одан өзгеше иістін шығып тұрғанын сезген. Кейін жүргізушіден Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық наркологиялық оңалту диспансеріне медициналық куәландырудан өтуге баруды сұраған. Нәтижесінде нарколог дәрігер жүргізуші есірткіге еліткені туралы медициналық ұйғарым шығарды», - деді ведомстводан.

Полиция қызметкерлері жүргізушіні уақытша ұстау оқшаулағышына қамап, көлігін облыс орталығындағы айып тұрағына қойды.

«13 қаңтарда Көкшетау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен жүргізуші ҚР ӘҚбК 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетейік, жаңа жылдан бастап ҚР ӘҚбК 608-бабына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, масаң күйде рульге отырған адамдарға 3-7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылатын болады.






Соңғы жаңалықтар