Ақмола облысында есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық ІІД  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың 28-ші маусым күні Ақкөл ауданы аумағында жүргізілген "Көкнəр-2017" жедел алдын алу шарасы барысында ІІД Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарманың  қызметкерлері 30 жастағы əйелді ұстаған. Келіншек есірткі саудасымен айналысқан қылмыстық топты басқарған.

Кейін анықталғандай күдікті маусым айының басында салмағы 1,9 грамм "героин" сатқан.  Үйін тінту кезінде одан 16 грамм "героин" жəне 182 мың теңге ақша мен инъекциялық шприц тәркіленді.

Келіншек есірткі бизнесін жалғыз өзі дөңгелетпеген, бұрын сотты болған əрі бірге тұратын 1979 жылғы ер адамды тартқан. Ер адамның да салмағы 0,96 грамм героин сатқаны əшкерленді.

Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілерге есірткі жеткізіп берумен айналысқан 29 жастағы Ақкөл қаласының тұрғыны да құрықталды.

Оның үйінен де ірі көлемде есірткі мен ақша жəне оқ дəрі табылған. Қазіргі кезде, сот-криминалистикалық сараптама тағайындалды.

Полицейлер қылмыстық топ 6 адамнан тұрғанын анықтап отыр.  Қазіргі кезде топ басшысының 26 жастағы сіңілісінің қылмысқа қатысы бары анықталды. Оған қоса тағы 2 адамның қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде.

"Қазіргі кезде басты күдікті жəне онымен бірге тұрған ер адам мен есірткі жеткізіп беруші уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып үстерінен ҚР ҚК 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп көрсетілген хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар