Ақмола облысында еліміздегі ең ірі құс фабрикасы салынуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бұланды ауданында Индустрияландыру картасы аясында еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің директоры Алексей Шевченконың айтуынша,  тірі салмақтағы жылдық қуаты 60000 тоннаны құрайтын болашақ құс фабрикасы 2015-2019 жылдар аралығында екі кезеңмен салынып бітпек. Жобаға құйылатын инвестицияның көлемі 41 миллиард теңгеден астам шамасында болмақ.

null

Жобаны жүзеге асыру барысында «ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көзделіп отыр.

«Құс фабрикасын салу жаңадан тұрақты 700 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бұланды ауданының қуат көздерімен және сумен жабдықталу жүйесін нығайтады және өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді деп болжанып отыр. Жоба желілік құрылыс кестесіне сай, алдымен инкубатор пайдалануға беріліп, әрқайсысында 6 тауық қораны біріктіретін 8 алаң, құс етін және қалдықтарды өңдеу зауыты мен бөлімі, экологиялық және технологиялық қондырғыларды орнату іске асырылады», - дейді А.Шевченко.

null

Маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбек.

Осы күні аймақ басшысы «АСКОП», «Макинск элеваторы» жəне минералды жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын «Politerm»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жұмысына да назар аударды. Соңғысында базальт тау-жынысы негізінде жылу оқшаулағыш материалы өндірісін жаңғырту қолға алынған. Қазіргі кезде мұнда жарық, газбен жабдықтау, темір жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар толық аяқталып, технологиялық қондырғылар құрастырылуда. Сондай-ақ, жылу беру жүйесін, желдеткіш, өрт дабылдағышын орнату қолға алынған.
- Кәсіпорын жылына 34 мың тонна өнім өндіретін болады. Жоба құны 6,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Оның 2,3 миллиард теңгесі жеке қаражатқа қалғаны екінші деңгейдегі  банк арқылы несиеге алынып отыр. Оған қоса, өткен жылы мемлекет тарапынан 2287,4 миллион теңге көлемінде субсидия түріндегі несиелік қолдау көрсетілді, - дейді басқарма төрағасы Жасұлан Мұхаметжан.

null

Сапар соңында аудан активімен кездескен облыс әкімі Мәлік Мырзалин Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мен «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мəселелерін талқылады.

null

Соңғы жаңалықтар