Ақмола облысында егістік алқаптардың электронды картасы жасалуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Qoldau.kz веб-порталында егістік алқаптардың электронды картасын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында қазіргі заманғы цифрлы технологияларды енгізу жұмыстарын ширату бойынша Ақмола облысы әкімдігі мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің арасында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін ғылыми және инновациялық дамыту туралы әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

«Өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытуда өндіріске нақтылы егіншілік жүйесін енгізу тиімді бағыт болып саналады. Нақтылы егіншілік топырақты терең зерттеуге және талдауға негізделеді, сондай-ақ, бұл жүйенің ерекшелігі әрбір жер теліміне нақтылы қарауға мүмкіндік береді», дейді М.Иғалиев.

Айталық, облыс бойынша бүгінгі таңда 3221 жер пайдаланушы жалпы көлемі 5 миллион 877 мың гектарда немесе барлық егіс алқабының 98,9 пайызында цифрландыру жүргізді.

«Ал, өсімдік шаруашылығын цифрландыруда нақтылы егіншілік жүйесін енгізу бойынша негізгі 3 кәсіпорын анықталды. Бұлардың қатарында Целиноград ауданындағы «Ақмола Феникс», Зеренді ауданындағы «Дихан плюс» және Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестіктері бар. Бұл шаруашылықтар өндірісте нақтылы егіншілік жүйесінің барлық элеметтерін енгізуде. Осының арқасында 2017 жылмен салыстырғанда нақтылы егіншілік элеметтері енгізілген алқаптарда өткен жылы мол өнім алынды», - дейді М.Иғалиев.

Қолға алынған шаралардың нәтижесінде осы күні облыста 95 шаруашылық ауыл шаруашылығы өндірісінде нақтылы егіншілік элементтері мен цифрлы технологияны сәтті қолдануда.

«Жалпы, 2022 жылға дейін облыста нақтылы егіншілік элеметтерін 194 шаруашылықта қолға алу жоспарланған. Цифрлық технологиялардың көмегімен ауыл шаруашылығында түрлендірудің үлкен әлеуеті бар, цифрландырудың ауқымды бағдарламасы жағдайында ауыл шаруашылығы дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуға және ел экономикасының драйвері болуға қабілетті. Ауыл шаруашылығын цифрландыру бағдарламасының іске асырылатын іс-шаралардың негізгі бағыттары шығымдылық пен еңбек өнімділігін арттыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тұқым себу жұмыстарын жүргізуде агротехниканы, жанар-жағар май үнемдеуге, тыңайтқыштар мен гербициттерді қолдануға, сондай-ақ, Qoldau.kz веб-порталы арқылы субсидиялау, несиелеу және сақтандыру бойынша өтініштер беруге болады», - деп толықтырды Марат Иғалиев.

Әкім орынбасарының айтуынша, бұдан бөлек, мал шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мал шаруашылығы саласында ақпараттық жүйені негізінен «Астана өнім» АҚ, «АФ Родина», «Есіл Агро», «Камышенка», «Еңбек» серіктестіктері және «Хамзе» шаруа қожалығы сияқты тауарлы-сүт фермалары қолдануда. Бұл шаруашылықтарда СЕЛЭКС, DairyPlan, DelPro және AlPro жүйелері қолданылып келеді. Бұл табын малды бір орталықтан басқаруға, өндірістік көрсеткіштерін, яғни, малдың денсаулығын, өнімділігін, қоректенуін бақылауға болады.

«Етті бағыттағы «Щучинский гормолзавод», «КазБифф ЛТД» және «СК Фуд» серіктестіктерінде автоматтандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Жалпы, 2022 жылға дейін облыста барлық өндірістік процесстері автоматтандырылған ірі 5 мамандандырылған тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Жүйедегі мал туралы нақтылы ақпараттың болуы малды қоректендіру, эоотехникалық және ветеринарлық шараларды уақтылы үйлестіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде сүт өндірісін 6-7 пайызға арттыруға болады», - дейді М.Иғалиев.

Соңғы жаңалықтар