Ақмола облысында егін орағының қорытындысы мен экологиялық ахуал талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде күзгі егін орағы науқанының қорытындылары мен экологиялық ахуал талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте баяндама жасаған Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаевтың айтуынша, биылғы егін орағы науқаны аса күрделі жағдайда өтті. Ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, облыс диқандары дәнді-дақылдардың барлық түрінен жақсы өнім алды.

Облыс шаруашылықтары биыл 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сеуіп, қоймаға 5,1 миллион тонна астық құйып алды. Әр гектардан түсім 11,7 центнерден айналып отыр. Жиналған астықтың жартысынан көбі 3-санатты, яғни егін сапасы да көңілден шығатындай дәрежеде. Астықты қабылдап, сақтайтын орындарды уақытында дұрыс әзірлеудің арқасында, бұл мәселеде еш қиындық болған жоқ.

Қазіргі күнге дейін шаруашылықтар 218 мың гектар алқаптың майлы дақылдарын жинады. Бұл – жалпы осы дақылдар егістігі алқабының 85,2 пайызы. 156,7 мың тонна майлы дақыл жиналып, гектар түсімі 7,2 центнерді құрады. Сонымен бірге, 17,4 мың гектар алқаптан 278 мың тонна картоп, 3,8 мың гектардан 57 мың тонна көкөніс жиналып алынды.

Аймақ басшысы барлық аудан, қала әкімдеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, жиналған астықты сақтау және нан бағасын тұрақты ұстап отыру үшін «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға астықты тапсыру арқылы азық-түлік қорын жасау мәселесін шешуді жүктеді. Сондай-ақ, 10 қарашадан кешіктірмей майлы дақылдарды түгел жинап алуға тапсырма берілді.

Бұдан бөлек, мәжіліс барысында Ақмола облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Әнуар Нұрсейітов өзекті мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтайтын полигондарды заңдастыру жайында ақпарат берді. Қазіргі күні облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 130 қоқыс төгетін орын мен полигон болса, солардың 25-і ғана заңдастырылған. Ғарыштық мониторинг қорытындысына сай, бүгінгі күні 1576 заңсыз қоқыс төгетін орын анықталған. Бұның​ қоршаған ортаға үлкен залалын тигізетіні белгілі.

Облыс басшысы бұл мәселеге қатысты​ Табиғат русурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен барлық аудан, қала әкімдеріне қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыруға, мұндай полигондары жоқ селолық округтер аумағынан уақытша қоқыс төгетін орындар жасау бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.​

Сонымен бірге, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен аудан, қала әкімдеріне қатты тұрмыстық қалдықтар сақтайтын полигондар салу, өңірлерде тұрмыстық қалдықтар шикізаттарын қабылдайтын қосымша пункттер ашу және контейнер тұратын алаңдарды талаптарға сай абаттандыру, коммуналдық қалдықтарды түріне қарай бөліп қабылдау сияқты шараларды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар