Ақмола облысында егін егудің жаңа жобасы қолға алынуда

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы нүктелік егіншілік жобасын жүзеге асыруда. Бүгінде ол үшін арнайы бағдарлама қабылданып, 3 мың га жер бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің орталық негізінен егін, өсімдік саласына қатысты мәселелерді зерттейді. Ондағы мақсат - дәнді-дақыл, жарма және жемшөп дақылдардың жаңа сұрыптарын жасап шығару. Және оларды өңірдегі шаруашылықтарда өсіру», - деді А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік институты директорының міндетін атқарушы Бақыт Ерболатов тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, институт қарасты 5 мыңнан астам га жер болса, оның 3,5 мың гектарына түрлі дәнді-дақылдар өсіріледі.

«Егістікті жинау кезеңі аяқталды. Биыл егін орақты болды деуге болады. Орташа есеппен алсақ, әр гектардан 18 центнер бидай және 25 центнер арпа жиналды. Бұл біз айналысатын негізгі бағыт. Одан бөлек, тары, қарақұмық және малға азық ретінде көпжылдық шөптер өсіреміз. Жалпай алғанда бізде дәнді-дақылдар жеткілікті көлемде қамтылған. Сонымен қатар біздің мамандар ғылыми зерттеулермен де шұғылданады. Яғни, дәнді-дақылдарға қатысты ғылыми еңбектер жазып, оны іске асыру. Атап айтсақ, бүгінде дәлме-дәл егіншілік жобасы енгізіліп, жақсы жүзеге асырылуда. Бұл егіншілік саласын ілгерілетудің жаңа бағыты. Ол үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Бүгінде 3 мың га жерге нүктелік егін шаруашылығын енгізудеміз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының өкілдері Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Дамса ауылында орналасқан А. И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жұмысымен танысты.



Соңғы жаңалықтар