Ақмола облысында демалыс күндері қандай шектеулер енгізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының бас санитарлық дəрігерінің 2020 жылғы 27-28 маусым демалыс күндері шектеулер енгізу туралы кезекті қулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Қаулыда шектеу шаралары 27-ші маусым сағат 00:00-ден бастап 28-ші маусым сағат 00:00 дейін жалғасатыны көрсетілген.

Қаулыға сəйкес: бетперделерді кию алгоритмін сақтау, аса қажеттілік болмаса, 65 жастан асқан адамдардың үйден шығуын шектеу, респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (тұмау, түшкіру, температура) пайда болған кезде медициналық ұйымдарға бармай, 103 нөмірі бойынша жедел медициналық жəрдем шақырту керек. Ересектердің еріп жүруінсіз 14 жасқа дейінгі балалардың жүруін шектеу, өңір тұрғындарына қоғамдық орындарға, саябақтарға, алаңдарға жəне скверлерге, жағалауларға баруға, тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

Көршілерге, таныстарға, туыстарға, əріптестерге баруды шектеу керек. Қайтыс болған кісіні жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 30 адамнан астам (отбасы мүшелері) жиналуға жол берілмеуі тиіс.

Ақмола облысының əкімдігі, аудандар мен Көкшетау, Степногорск қалаларының əкімдері тұрғылықты жері бойынша отбасылық, еске алу, ұжымдық шараларды өткізуге, көршілеріне, таныстарына, туыстарына әріптестеріне баруға, жаппай корпоративтік және басқа да іс-шаралар өткізу үшін жекеменшік үйлер мен құрылыстарды жалға алуға жол бермеуі керек.

Бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз, жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел жəне шұғыл медициналық жəрдемнің, мемлекеттік медициналық мекемелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, өрт сөндіру, авариялық-құтқару жəне авариялық- техникалық қызметтердің, сондай-ақ стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесін қамтамасыз ететін қызметкерлерді қоспағанда, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін тұрғындар мен автокөліктің жүруіне тыйым салынады.

«Ұйымдастыру-құқықтық нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жеке және заңды тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді және кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда карантиндік іс-шараларды одан әрі сақтауды қамтамасыз етсін.

Аудандар мен Көкшетау жəне Степногорск қалаларының әкімдері қоғамдық көліктерді, әуежайларды, теміржол және автовокзалдарды, супермаркеттерді, базарларды, қоғамдық көліктердің аялдамаларын, спорттық снарядтарды, балалар мен спорт алаңдарын, орындықтарды, банкоматтарды, банк терминалдарын, POS-терминалдарды жуу және дизенфекциялау құралдарымен өндеуді қамтамасыз етуге жауапты», - деп көрсетілген облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында.


Соңғы жаңалықтар