Ақмола облысында дауыс беру қарқын алып келеді

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында дауыс беру қызу жүріп жатыр. Облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, сағат 12:00-ге дейін сайлаушылардың 41,3 пайызы дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін сағат 07:00-де облыста референдум учаскелерінде дауыс беру басталды. Тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысып жатыр. Сағат 12:00-де онлайн режимде алынған мәліметтер бойынша 209 632 адам дауыс берді», - деді Ақмола облыстық референдум комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов.

Айта кетсек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өзі тіркелген референдум учаскесінде дауыс берді.

Ал, Қосшы қаласының 97 жастағы тұрғыны, соғыс ардагері Нұрғасым Әжітаев дауыс беру үшін учаскеге аяқтай барды.

Сонымен бірге, алғашқылардың бірі болып Бұланды ауданында Ақылбековтер отбасы азаматтық парызын орындады. Олар мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында ашылған Макинск қаласының №279 референдум учаскесінде дауыс берді.

Жастар да азаматтық ұстанымын танытып, референдум учаскелеріне көптеп барып жатыр. Алғаш рет дауыс берген 18 жасар Жәзира Жүсіпбекова естелік сыйлық алды.

«Мен өзімінің жарқын келешегім үшін дауыс беруге келдім. Мен үшін бұл күн мәңгі есте қалады», - деп әсерімен бөлісті ол.

Қазіргі таңда Ақмола облысында дауыс беру 718 учаскеде жүріп жатыр.

Бұған дейін алғаш рет дауыс берген көкшетаулық бойжеткеннің естелік сыйлық алғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар