Ақмола облысында дәрігер тапшылығы екі есе төмендеді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында соңғы үш жылда дәрігер кадрлардың тапшылығы 2 есеге жуық төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық денсаулық басқармасы басшысының міндеті атқарушы Бибігүл Омарованың мәліметінше, қазір облыста 244 дәрігер жетіспейді.

Кадр тапшылығының негізгі үлесін жалпы практика дәрігерлері, терапевттер, акушер-гинекологтар, анестезиологтар, педиатрлар, неонатологтар құрайды.

«Биыл облысқа жоғары медициналық білімі бар 87 жас маман келіп, жұмысқа орналасты. Дәрігерлік кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді», - деді Бибігүл Омарова.

Орта буын мамандарын даярлауды және қайта даярлауды Көкшетау жоғары медициналық колледжі емдеу ісі, акушерлік іс, мейірбике ісі, гигиена және эпидемиология, стоматология, ортопедиялық стоматология, зертханалық диагностика, фармация тәрізді 8 мамандық бойынша жүргізеді.

Білім ордасында қазіргі уақытта 1237 студент оқиды. Биыл 217 студент диплом алып шықты.

Сонымен бірге, 2018 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі медицина факультетінде дәрігер мамандар даярланады.

«2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы дәрігерлерде 501 695 теңгені, орта медициналық персоналда 257 468 теңгені, кіші персоналда 117 588 теңгені құрады. Дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, орта медициналық персоналдікі 20 пайызға және кіші персоналдікі 15 пайызға өсті», - деп қосты Бибігүл Омарова.

Айта кетейік, Ақмола облысында денсаулық нысандарының 87,9 пайызы интернетке қосылған.


Соңғы жаңалықтар