Ақмола облысында дән себу жұмыстары аяқталды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тұқым себу жұмыстары аяқталды. Биыл өңірде егістік алқаптарының жалпы аумағы 27,3 мың гектарға ұлғайып, 5,2 миллион гектарды құрады. Бұл туралы журналистермен өткен брифингіде облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылықтың, шаруалардың жауапкершілігі мен қазіргі заманғы озық технологияны қолданудың арқасында, сондай-ақ қолайлы климаттық жағдайлар науқанды дер кезінде бастап, қысқа мерзімнің ішінде сәтті аяқтауға мүмкіндік берді.

«Биылғы жылы облыс бойынша барлығы 5,2 миллион гектар алқапқа дән себілді. Оның 4,7 миллион гектары дәнді, 355 мың гектары майлы дақылдар. Маңызды науқанға барлығы 15 мыңнан астам трактор, 16,6 мың сепкі және өнімділігі жоғары 1,5 мыңға жуық егістік кешен жұмылдырылды. Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға да басты көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан шаруалар жалпы құны 23,7 миллиард теңгеге 557 техника сатып алды», - деді Кенеш Әлімжанов.

Басқарма басшысы атап өткендей, жыл сайын өңірге Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен жанар-жағар май бөлініп келеді. Биыл осы бағытта литрі 222 теңгеден 74,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында биыл 5,2 миллион гектарға дән себілетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар