Ақмола облысында браконьерлер ұсталды
2020 жылғы 9 наурыз 21:50

Ақмола облысында браконьерлер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан браконьерлер ұсталды. Олардың келтірген шығыны 2 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 6 наурызда Ақкөл аудандық ПБ кезекшілік бөліміне «Кеңес» орман шаруашылығы директоры хабарласып, «Құзған» аңшылық шаруашылығы аумағында белгісіз адамдардың заңсыз аң аулап жүргенін айтқан.

«Оқиға орнына дереу орман шаруашылығының қызметкерлері мен жедел тергеу тобы жетті. Аңшылық шаруашылық аумағын тексеру кезінде Нұр-Сұлтан қаласының 39 жастағы және Ақкөл ауданы Рамадан ауылының 38 жастағы тұрғындары қолға түсті. Күдіктілерден атылған екі қабан, бір елік және қарда жүретін көлік тәркіленді. Олардың келтірген шығыны 2 200 000 теңгеге бағаланды. Сонымен қатар, браконьерлерден алынған қарудың құқық қорғау органдарында тіркелмегені анықталды», - дейді ведомстводан.

Қазіргі кезде, «заңсыз аңшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталмыш бапта қарастырылған санкция бойынша күдіктілерге 5 000 АЕК айыппұл, яғни, 13 миллион теңгеден астам немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, бұл ағымдағы жылы тіркеліп отырған заңсыз аңшылықтың 9-оқиғасы.


Jańalyqtar

MURAǴAT