Ақмола облысында биылғы жыл соңында құс фабрикасы іске қосылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 4-ші тоқсанында Ақмола облысының Бұланды ауданында Индустрияландыру картасы шеңберінде еліміздегі ең ірі құс фабрикасы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Аймақ басшысының орынбасары Қанат Ыдырысов бастаған өңірге инвестиция тарту бойынша талдау тобы аталмыш жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС өкілдерінің айтуынша, тірі салмақтағы жылдық қуаты 60 мың тоннаны құрайтын болашақ құс фабрикасы 2015-2019 жылдар аралығында екі кезеңмен салынып бітпек. Жобаға құйылатын инвестицияның көлемі 41 миллиард теңгеден астам шамасында болмақ.

«Жобаны жүзеге асыру барысында «ҚР 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көзделіп отыр. Құс фабрикасын салу жаңадан тұрақты 900 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бұланды ауданының қуат көздерімен және сумен жабдықталу жүйесін нығайтады және өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді деп болжанып отыр. Жоба желілік құрылыс кестесіне сай, алдымен инкубатор пайдалануға беріліп, әрқайсысында 6 тауық қораны біріктіретін 8 алаң, құс етін және қалдықтарды өңдеу зауыты мен бөлімі, экологиялық және технологиялық қондырғыларды орнату жұмыстары іске асырылады», дейді серіктестік өкілдері.

Сонымен қатар, талдау тобы аудандағы «Politerm», «TransTechMash LTD», «ҚазТЭЦ», «TransLogistics» және «Макинск механикалық-құйма зауыты» серіктестіктерін де аралап көрді.

Аталмыш кәсіпорындардың тұрақты жұмысының арқасында Бұланды ауданында ағымдағы жылдың бірінші тоқсынында өнеркәсіп өнімінің көлемі 938,1 миллион теңгені құрады.

Соңғы жаңалықтар