Ақмола облысында биыл ауыл халқын сумен қамту үшін 45 жоба іске асады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмолада биыл ауыл тұрғындарын сумен қамту мақсатында 45 жоба қолға алынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың сауалына жауап берген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Целиноград ауданының кейбір елді мекеніне құбыр жүргізілмеген. Су ауылдарға дейін жетпеген. Мәселені қашан шешесіздер?» деп сұрады Үкімет басшысы өңір әкімінен.

Сауалға жауап берген өңір басшысы елорда төңірегіндегі 34 елді мекеннің 25-і сумен толық қамтамасыз етілгенін айтты.

«Аршалы және Целиноград аудандарында 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Талапкер және Қажымұқан ауылдарында су тарату тораптарының құрылысы аяқталды. Оларды су көзіне қосу үшін Кенжебай және Рақымжан кен орындарынан су тартқыш құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Сараптама қорытындысын алу осы жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Жоба Целиноград ауданының 19 ауылын сумен қамтиды. Су таратқыш құрылысы кезеңінде су беру уақытша кешенді блоктар арқылы жүзеге асады», - деді облыс әкімі.

Ермек Маржықпаевтың атап өтуінше, қазір сумен жабдықтау және су тарату бойынша 17 млрд теңгеге 63 жоба іске асырылып жатыр.

Оның ішінде осы жылы 45 жоба іске асады. 18 жоба құрылысы 2023 жылы қолға алынады.

Бұл жобалар 6,5 мың адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар биыл 13 жобаның жобалық-сметалық құжаты дайын болады. 18 елді мекенде су көздерін іздеу жұмысы қолға алынған.


Соңғы жаңалықтар