Ақмола облысында бірқатар автокөлік жолдарын су басты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының бірқатар аудандарындағы автокөлік жолдарын су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ ТЖК-ның ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

Руслан Иманқұловтың айтуынша, Ақмола облысының Атбасар ауданында «Атбасар-Сочинское» бағытындағы жолдың 9 шақырымын су басуына байланысты жол уақытша жабылды. Көп көлемле қарғын су жиналып, ол төменге ағып жолды басып қалған. Сонымен қатар, Сепе, Сочинское, Ярославка ауылдарына баратын жолдар мен «Полтавка-Титовка» бағытындағы күре жолдар да жабылды.

Ерейментау ауданында «Бестоғай-Байсары» бағытында жол қозғалысы шектелді. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдары қызметкерлері бақылау жүргізуде. 652 тұрғыны бар Бестоғай ауылының тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Әзірге, ауылға қауіп төніп тұрған жоқ.

Қорғалжын ауылынан 8 шақырым қашықтықта «Коргалжын-Баршын» аралығындағы тас жолды су шайып кетті. Жолдың бойында ескерту белгілері қойылып, жергілікті атқару органдары тарапынан бақылауға алынды.

Шортанды ауданында облыстық мақсаттағы «Пригородное-Шортанды» тас жолының 60 шақырымында Колутон өзені арнасынан асып кетті. Целиноград ауданында Сарыкөл аулының маңында Қабанбай батыр - Мәншүк - Оразақ ауылдары бағытындағы жолды ені 35-40 метр жерін, тереңдігі 10-12 сантиметр су шайып кетті. Су басуға жол астындағы су өткізетін құбырдың тар болуы себепші болған. Қазіргі кезде, аталмыш жолдың бойында жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметінің мамандары жұмыс істеуде. Жол бойындағы көлік қозғалысы бақылауға алынған.

Сонымен қатар, «Р.Қошқарбаев - Преображенка» және «Приречное - Антоновка» тас жолдарын да ағын су басты. Ал, Ерейментау ауданында Сілетті өзенінің су деңгейі көтерілді.

«Жалпы, Ақмола облысындағы өзен, көлдер және су қоймаларындағы қауіпті аумақтарда 96 бақылау бекеті орналастырылды. Барлық бекеттерде аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар бөлімдерінің, жергілікті полиция қызметінің мамандары тәулік бойы кезекшілік жасауда. Әзірге жағдай қалыпты», - деп түсіндірді Руслан Иманқұлов.

Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар