Ақмола облысында бастауыш сынып мұғалімдері мен әдіскерлерге арналған республикалық семинар өтуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында бастауыш сынып мұғалімдері мен әдіскерлерге арналған республикалық семинар өтуде.

«Білім алушылардың білім сапасын жетілдіру - мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырудың шарты» тақырыбында өтіп жатқан семинардың мақсаты бастауыш сыныптың алдыңғы қатарлы педагогтарының іс-тәжірибесімен бөлісу, педагогикалық шеберлігін үздіксіз жетілдіру, анықтау, оқыту сапасын қамтамасыз ету болып табылады.

Семинарға 80-нен астам бастауыш сынып мұғалімдері мен облыс бойынша білім басқармаларының және аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысуда. Семинар 2 түрлі кезеңде, яғни пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтуде.

Семинардың ашылу салтанатына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігі мониторинг және білім жүйесін талдау басқармасының басшысы Ардақ Садықова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Семинарға жергілікті жоғары және орта оқу орындарының басшылары мен оқытушылары қатысып, әр түрлі тақырыпта баяндама оқып, өз тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар, бастауыш сынып мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігін және инновациялық іс-әрекетін дамыту, білім беру жүйесін ғылыми әдістемемен қамтамасыз ету, озық мұғалімдердің іс-тәжірибесін тарату мақсатында көрме ұйымдастырылған.

Кешке қарай оқу-тәрбие жүйесін іске асыру және білім алушылардың білім сапасын жетілдіру мақсатында республикалық семинардың қорытынды ұсыныстары қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар