Ақмола облысында барымташылар тобы ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мал ұрлығымен айналысқан барымташылар тобы ұсталды. Күдіктілердің мал иелеріне келтірген шығын көлемі миллион теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Жақсы аудандық ПБ қызметкерлері Ақмола облысының Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандары аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін анықтап, ұстаған. Белгілі болғандай, барымташылар тобына 6 адам кірген. Олардың барлығы Жарқайың ауданының тұрғындары, төртеуі малды ұрласа, екеуі етін сатып отырған.

«Тергеу амалдары кезінде анықталғандай, ағымдағы жылдың тамыз айында күдіктілер қорадан малды шығарып, айдап әкеткен. Ұсталған адамдар Жақсы ауылының тұрғынының асыл тұқымды жылқыларын ұрлағаны үшін күдікке алынған. Зардап шегуші шығын көлемін 1 миллион теңгеге бағалап отыр. Жалпы, полицияға 13 адам жүгінген. Олардың 40 бас малын ұрлаған, оның ішінде 2 жылқы, 4 бас ірі қара және 34 қой-ешкі. Мұндағы мал иелеріне келтірілген шығын көлемі 50 мың теңгеден 1,5 мың теңгеге дейін ,-деді ведомстводан.

Қазіргі кезде, қылмысық топтың барлық мүшесі ұсталып, үстерінен ҚР ҚК 188 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, 2019 жылдың 18-22 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Шараның алғашқы екі күнінде 130 көлік тексеріліп, мал және ет өнімдерін рұқсат құжатсыз тасымалдаудың 15 оқиғасы анықталды. Сонымен қатар шағын базар, ет комбинаты және шұжық цехтары аумағы тексерілуде. Ұрланған 22 мал заңды иесіне қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар