Ақмола облысында барымташы ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында мал ұрлығымен айналысқан күдікті ұсталды. Сонымен қатар, оның сыбайластары да анықталу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің дерегі бойынша Есіл аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне Ақсай ауылының тұрғыны арызданып, «Престиж» шаруа қожалығының аумағында жайылып жүрген 15 бас ірі қараның жоғалғанын айтқан.

«Жедел іздестіру шарасы барысында Есіл ауданындағы Ковыльное ауылының 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті қылмысын мойындап, сыбайластарын атады.

Қазіргі кезде барымташылардың мал ұрлығына байланысты 6 оқиғаға қатысы бары анықталды.  Оған қоса, ҚР ҚК 188 бабының 3 бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, 2015 жылдың сәуір айында Ақмола облысында мал ұрлығын кәсіп еткен ұйымдасқан топ ұсталған болатын. Олардың мал ұрлаудың 14 оқиғасына қатысы бары, мал иелеріне 200 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін шығын келтірілгені анықталған еді.

 

Соңғы жаңалықтар