Ақмола облысында балық консервілері тексерілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тексерілген импорттық балық консервілерінің 27,4 пайызы гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ведомство мамандары тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізуде.

«Мониторинг жағдайында биылғы жылдың 5 айында балық консервілерінің 84 үлгісі іріктелді. 23 сынамада гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкессіздіктер анықталды, бұл 27,4 пайызды құрайды. Салыстырмалы талдау көрсеткендей, сәйкес келмейтін балық өнімдері импорттық өнімнің үлесіне 100 пайызға тиесілі», - деп түсіндірді ведомствода.

Мәселен, тексеріс барысында ЕАЭО елдерінде өндірілген 74 консервінің 23-інде сәйкессіздіктер болды. Жергілікті өндірушілердің тексерілген 10 консервісінде бұзушылықтар анықталған жоқ. Мониторинг кезінде техрегламенттердің мынадай талаптарының бұзылғаны анықталды: өнімді таңбалау талаптарына сәйкессіздік - 21 сынама (мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, қосымша мәліметтердің болмауы), сапа көрсеткіштері мен микробиологиялық көрсеткіштер (МАФАМ) бойынша - 1 сынама; физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша - 1 сынама (норма 1,2 - 2,0 пайыз болған кезде натрий хлоридінің массалық үлесі 2,3 пайыздан асып кетті).

«Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы санитариялық нұсқама берілді. Жоспарға сәйкес ай сайын сауда нысандарына бақылау жүргізіледі. Сертификатталмаған өнімді сатуға жол берілмейді», - деп толықтырды ведомство.

Өңірдің санитарлық дәрігерлері ақмолалықтарға сапасыз тауарды анықталған жағдайда хабарлауды сұрайды. Өтініште сауда нүктесінің мекенжайы мен деректемелерін көрсету, сондай-ақ егжей-тегжейін көрсету және фото немесе видео қоса беру қажет. Сондай-ақ, фискалды чекті тіркеу. Мұндай жағдайда департаменттің немесе аумақтық басқармалардың қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізеді.


Соңғы жаңалықтар