Ақмола облысында балалары суға батып кеткен отбасыларға қажетті көмек көрсетілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында балалары суға батып кеткен отбасыларға қажетті көмек көрсетілуде. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі кезде Астрахан ауданы әкімдігімен аталған балалардың ата-аналары мен туған-туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп, жерлеу рәсімін ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, аталған оқиғаға байланысты тексеріс те қолға алынған.

Облыстық ТЖД басшысы Арман Әбдіқалықов облыс тұрғындарына өзен, көл бетіндегі мұздан төнетін қауіптің алдын алуды түсіндіру бағытындағы ауқымды жұмыстардың жүргізілгеніне қармастан қайғылы оқиға орын алып отырғанын айтуда.

Оның айтуынша, бүгіндері облыстық ТЖД мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, бірінші сынып оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен алғашқы қатқан мұздың қауіптілігін түсіндіру мақсатында интерактивті сабақтар өткізуде.

«Ауа температурасының төмендеуі салдарынан су қоймаларында судың беті мұз болып қатады. Алғашқы қатқан мұз қабаты жұқа болғандықтан үстіне түскен салмақты көтер қоймайды. Сол себепті бастауыш сыныпта оқитын оқушылардың ата-аналары осыны ескеріп, балаларының су қоймаларында болуына жол бермей, қауіпті екенін түсіндіргені абзал», - дейді ТЖД басшысы.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Астрахан ауданы Зареченко ауылының 6-7 жастағы үш бастауыш сынып оқушысы өзен суына батып кеткен болатын. ТЖД мәліметі бойынша аталған оқушылар көрші Ескі Колутон елді мекеніндегі мектепте оқыған. Сабақ аяқталысымен Колутон өзені арқылы ауылдарына қайтпақ болған үш ер бала мұз ойылып кетіп, суға батып кетті. Бұл облыс бойынша биылғы жылы тіркеліп отырған алғашқы жағдай. Қазіргі кезде облыстың қауіпті деген барлық елді мекендерінде түсіндіру жұмыстары жаппай қолға алынуда.

Соңғы жаңалықтар