Ақмола облысында азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылуда

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахмановтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға индексі 1,6 пайызды құрады, бұл орташа республикалық көрсеткіштен аспайды. Осы ретте, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

«Сауда үстемесінің 15 пайыздан асып кету жағдайларын анықтау мақсатында күнделікті баға мониторингі жүргізіледі. Тәртіп бұзушыларға ескерту түріндегі жауапкершілік шаралары қолданылуы, айыппұл санкциялары көзделуі мүмкін екенін еске саламын. Мониторингті талдауды Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған әкімдік жанындағы комиссия жүзеге асырады. Оған азық – түлік тауарларының баға белгілеу тізбегі бойынша кәсіпорын басшылары қатысады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлер. Нәтижесінде сауда желілеріне тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылады, өнімсіз делдалдардың буындары алынып тасталады», - деп атап өтті Жаслан Айдрахманов.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрт әлеуметтік дүкені арқылы «айналым схемасы» бойынша жасалған шарттар шеңберінде өңірлік тұрақтандыру қорынан тауарларды жеткізу және өткізу тұрақты жүзеге асырылуда.

Облыста барлығы 5,9 мың тонна көлемінде тауар қоры қалыптастырылды, оның ішінде ӘКК тұрақтандыру қорында - 791 тонна, форвардтық шарттар шеңберінде – 2,7 мың тонна, «айналым схемасы» шеңберінде - 2,5 мың тонна бар.

Айта кетсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 12 түрін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шығарады. Бұл нан, ұн, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сүзбе, май, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, сәбіз, картоп сияқты тағамдар. Қалған тауарларға деген қажеттілік республиканың басқа өңірлерінен және жақын шет елдерден жеткізілімдермен қамтамасыз етіледі.


Соңғы жаңалықтар