Ақмола облысында ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері біртіндеп шешілуде.

Бүгінгі күні бір орталықтандырылған сумен облыс халқының жалпы санының 89,7 пайызы қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақсы ауданының әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде өткен жылы Новокиенка ауылында сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жобасы іске асырылды. Есіл ауылының халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Осы ретте, аудан орталығы Жақсы ауылын сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Екі жылға жуық уақыт бойы іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде жоба жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы ұңғымалық су жинау және су тарату жұмыстары қолға алынды. Мердігер ұйым ретінде Көкшетау қаласының «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы анықталды. Жобаларды жүзеге асыру барысы туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дәулет Қосшығұлов айтып берді.

«Нысандағы құрылыс жұмыстары мамыр айының басында басталды. Бүгінде мердігерлер екі су тарту ұңғымасын бұрғылау жұмыстарын жүргізуде», - деді Дәулет Қосшығұлов.

Сонымен қатар, Перекатное ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді.

Айта кету керек, су құбыры желілері 1939 жылы салынған және тозығы жеткен, ауыстыруды қажет етеді. Жалпы, облыста 5 жыл ішінде 107 елді мекенді бір орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2021 жылы Ақмола облысы бойынша 10 елді мекенде сумен жабдықтау және су құбыры жүйесінің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 8 жоба аяқталды, 2 нысанды ағымдағы жылдың 3-ші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар