Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласының озаттары марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібінің ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты шараға жиналған құрметті қонақтардың арасында Социалистік Еңбек Ерлері - Есілбай Қадыралин, Сағила Есенжолова, Валентин Щербаков болды. «Сіздердің Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз біздің облысымыздың ғана емес, барлық еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты үлес қосты. Біз сіздерді мақтан етеміз, құрметтейміз, сіздерден үлгі аламыз», – деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде. Өңір басшысы ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар 5 миллион тоннадан аса астық жинағанын атап өтті. Астық дақылдарының өнімділігі бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізген ұжымдарға алғысын білдірді. Бұлардың қатарында Сандықтау, Зеренді, Шортанды, Жақсы аудандарындағы «Свободное», «Викторовское», «Жәкен», «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты шаруашылықтар бар. Облыста «Родина» агрофирмасы», «Еңбек», «Камышенка», «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сүт өндірісіндегі дәстүрлі көшбасшылар болып табылады. Өңірде өндірілетін жұмыртқаның 70 пайызы «Ижевский» өндірістік кооперативі мен «ҚазГерҚұс» ЖШС-нің үлесіне тиесілі. Макинск құс фабрикасын іске қосудың нәтижесінде құс етінің өндірісі 2 есе өсті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға суармалы егістік жерлерін арттыру, пайдаланылмайтын жайылымдарды айналымға енгізу және органикалық өнімдер өндіру міндеттерін жүктеп отыр. Ол үшін біздің әлеуетіміз жеткілікті. Ауыл тұрғындары еліміздің экономикасын дамытуға лайықты үлес қоса беретініне сенімдімін», – деді аймақ басшысы. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласының бір топ үздік қызметкері «Еңбек ардагерi» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздiгi» төсбелгісімен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар