Ақмола облысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары пара алу күдігіне ілікті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары пара алу күдігіне ілікті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Балғабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облыстық департаменті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, осы басқармаға қарасты жер шаруашылығы және астық нарығын реттеу бөлімінің бастығы және өзге де тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр»,- деді Бауыржан Балғабеков.

Оның атап өтуінше, аталған тұлғалар алдын ала ымыраласып, ЖШС өкілінен мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алуға арналған өтінімге оң шешім шығарып беру үшін 500 мың теңге көлемінде пара алған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы саласында 33 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. Оның 19-ы сотқа жіберіліп, 4 тұлға сотталды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар