Ақмола облысында ауруханадан қашып кеткен 13 жасар қыз табылды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында ауруханадан қашып кеткен 13 жасар жасөспірім қыз аман табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аумақтық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 14 ақпанда Көкшетау қалалық полициясына Сандықтау ауылының тұрғыны 13 жасар Элеонора Аяшеваның жоғалғаны туралы хабар түсті.

Белгілі болғандай, жоғалғанға дейін жасөспірім көпсалалы облыстық балалар ауруханасында жатқан, кешкі сағат 18:50 шамасында рұқсатсыз шығып кеткен.

«Жоғалған қыздың белгілері мен фотосуреттері бар бағдар полиция департаментінің барлық аумақтық бөлімшелеріне және әлеуметтік желілерге таратылады. Жедел іздеу шаралары барысында қыз Ақкөл қаласынан табылды. Көкшетаудан екі жүз шақырым елдімекенге таксимен жеткен. Учаскелік полиция инспекторларының көлігін көріп, жақын маңдағы дүкенге қарай жүгірген қыз тәртіп сақшыларының көзіне түскен», - деді ведомстводан.

Қыздың сөзінше, ол Ақкөлге 14 ақпанда жетіп, досының үйінде түнеген.

«2022 жылдың желтоқсанында қыздың ата-анасы ата-ана құқығынан айырылған. Сол себепті, ол Сандықтау ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болған. Қазір қыз бала Ақкөл қаласындағы балалар үйіне орналастырылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұған дейін Ақмола облысында жоғалған 9 жасар қыз табылған еді.


Фото: Ақмола облысы ПД

Соңғы жаңалықтар