Ақмола облысында Ауған соғысында құрбан болған интернационалист-жауынгерлерге арналып ескерткіш орнатылды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Еңбекшілдер ауданында Ауған соғысында құрбан болған интернационалист-жауынгерлерге арналып ескерткіш-стелла орнатылды.

Степняк қаласының ең әсем жері мәдениет және демалыс саябағынан орын тепкен ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қиықов, Қазақстан Республикасы Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы жауынгерлерінің қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Бақытбек Сұмағұл, Ауған және жергілікті соғыс ардагерлерінің Қазақстан Респубикасы бойынша Одағы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Тұлғаев, облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Жанат Ережепов және Ауған соғысы ардагерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

««Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» деген ұғым бар. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымыз бен кездесу біз үшін үлкен құрмет. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында қашан да бас иеміз. Бүгін осындай игі іске үлес қосып отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», - деді аудан әкімі өз сөзінде.

Шара барысында ескерткіш-стелланың маңына гүл шоқтары қойылып, қаза болған интернационалист-жауынгерлердің құрметіне бір минуттік үнсіздік жарияланды.

Ескерткіш-стелланы авторы - жерлесіміз Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Онда Ауған соғысында қаза тапқан Валерий Боголюбов, Қабылмәжит Бекжанов, Николай Дрыгач, Эдмунд Гирш тәрізді жерлестеріміздің есімдері тайға таңба басқандай тасқа қашалып жазылған. Осы орайда, Қазақстанның футбол федерациясының атқарушы директоры Азамат Айтқожин және «Астық Гарант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Темірғали Валиев және ел азаматтары қаржылай демеушілік көрсеткенін атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар