Ақмола облысында ата-аналардың шағымынан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ата-аналардың арыз-шағымынан кейін Ақкөл аудандық білім бөліміне қарасты Ақкөл орман шаруашылығы ауылындағы Мичурин атындағы негізгі орта мектепте қызметтік тексеріс жүргізіліп, мектеп директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің редакциясына Ақкөл аудандық білім бөліміне қарасты Ақкөл орман шаруашылығы ауылындағы Мичурин атындағы негізгі орта мектепте оқитын балалардың ата-аналарынан шағым түскен болатын. Жазба авторы өзін көпбалалы ана екенін және мектептегі бірқатар былықтардың орын алғанын айтады.

«Сәлеметсіз бе, Мен Ақкөл орман шаруашылығынмын. Не жазарымды да білмеймін. Мен қазір өзімді нашар сезініп отырмын. Мен моральдық тұрғыдан шаршадым және депрессияға ұшырадым. Жүйкем сыр бере бастады. Мен көп балалы анамын, төрт балам бар, оның екеуі студент, біреуі оқушы және біреуі екі жаста. Бұдан бөлек, жиенім және Ваня есімді бала тұрады, ол жетім, оны анам қамқорлыққа алды...», - дейді жазба авторы.

Сонымен бірге, ол мектепте балалардың тамақтандырылуы дұрыс ұйымдастырылмағанын, оқушылар тамақтанып жүрген тағамның сапасы өте нашар екенін алға тартуда.

«...Балалар сорпада жағымсыз иіс барын айтты. Кейбір балалардың іші ауырды. Мәзірде харчо сорпасы деп көрсетілсе, шындығында етсіз күріш сорпасын береді. Күріш, су, картоп қуырылған... Мен жалғыз емеспін! Біз бес ата-анамыз, олар бізді тыңдағысы келмейді. Біз сіздерден көмек сұрап өтінеміз. Біздің есеп-қисаптан хабарымыз жоқ. Білетініміз азық-түлік жеткіліксіз!...»,- деп сөзін түйіндеді автор.

Осы мәселе бойынша ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық білім басқармасына сауал жолдады. Ондағылар Ақкөл орман шаруашылығы ауылындағы Мичурин атындағы негізгі орта мектепте осындай жағдай орын алғанын және аудандық білім бөлімінің басшылары мектепке барып, ата-аналармен кездесу өткізгенін айтты.

«Мичурин атындағы негізгі мектептегі тамақтандыру мәселесіне келетін болсақ, білім ошағында 49 оқушы білім алады. Ақкөл аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында байқау өткізіліп, жеңімпаз болып жеке кәсіпкер «Паукова» танылды. Шартқа сәйкес өнім беруші азық-түлікті мектепке жеткізуді жүзеге асырады. Бірінші сыныптың барлық оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін, ал басқа оқушылар ата-аналар төлемі есебінен тамақтанады. Білім бөлімі басшылары мектепке барып, ата-аналармен кездесу өткізді», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, аталмыш мектеп директоры қызметінен босатылып, тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесі бақылауға алынған.

«Лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Ақкөл аудандық білім бөліміне қарасты Ақкөл орман шаруашылығы ауылындағы Мичурин атындағы негізгі орта мектептің директоры Т.С.Корн қызметінен босатылды. Тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесі бақылауға алынды», - деп қосты ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар