Ақмола облысында ат спорты түрлерінен жарыс өтті
2016 жылғы 26 маусым 15:34

Ақмола облысында ат спорты түрлерінен жарыс өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Шортанды ауданының күніне орай ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыс өтті.

Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат - салауатты өмір салтын қалыптастырудың, халықты патриоттыққа тәрбиелеудің және шабандоздардың шеберліктерін арттырудың маңызды құралы ретінде ұлттық ат спорты түрлерін кеңінен насихаттау болып табылады.

Шортанды ауданының әкімі Гүлнұр Сәдуақасованың айтуынша, Шортанды ипподромында ат спорты мерекесін ұйымдастыру дәстүрге айналған, ал оған қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл жолы өз өнерлерін көрсетуге Астана қаласының, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының 60-қа жуық шабандозы ниет білдірді.

Шортандылықтар мен ауыл қонақтары көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге алу сынды ұлттық ойын түрлерін, 7 шақырымға жіберілген бәйгені, тоқ бәйге және аламан бәйгелерін тамашалады. Ат құлағында ойнайтын қыз-жігіттеріміз сәйгүліктерінің үстінде күрделі жаттығуларды орындаса, Астана қаласы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас шабандоздары әртүрлі биіктіктегі кедергілерді еңсеру шеберліктерін көрсетті.

Іс-шара жеңімпаздары мен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT