Ақмола облысында алғаш рет Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші орнатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аталған бастаманы Степногорск қаласының басшылығы іске асыруға бел байлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жергілікті «Престиж» газетіне сілтеме жасап.

Жоспар бойынша қоладан құйылатын Сәтпаев тастың үстінде тұрады. Бір қолында плащ ұстайды. Өзі сонау көкжиекке -тау-кен саласының әлі де зерттелмей жатқан мәселелеріне көз тастап тұрғандай болады. Ескерткіштің биіктігі - 7 метр. Оған қоса, 3,6 метрлік тұғыр қойылады. Ал монументтің өзін қала автовокзалы маңайында орнату жоспарланып отыр. Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші маңайында саябақ болады. 

«Енді, Көкшетауда ШоқанУәлиханов пен Абылай ханның ескерткіштері бар. Ерейментауда Бөгенбай батырдың алып мүсіні тұр. Ал Степногорскіде ондай ескерткіш жоқ. Қала кезінде уран мен алтын өндіретін орталық ретінде Сарыарқаның төсінде ашылған еді. Бұл - кеншілердің шаһары, өндіріс ошақтарының қаласы. Сол себепті вокзалдың маңайында орнатылатын ескерткіш дәл осы саланың танымал тұлғасына арналған жөн. Бүгінде Ақмола облысы тау-кен саласының ірі аймағы болып саналады. Соған қарамастан, бірде-бір елді мекенде Қаныш Сәтпаевқа арналған ескерткіш жоқ. Негізі, Қаныш Сәтпаевтың еңбектері негізінде осы өңірде көптеген кеніштер ашылды. Оны да ескеру керек», - дейді қала әкімінің орынбасары Гүлнәз Әбілова.

Қаныш Сәтпаевтың ескерткішін Қазақстан суретшілері одағының мүшесі, профессор әрі мүсінші Азат Баярлин жасайды. Оның жетекшілігімен Астана қаласында (бұрынғы Целиноградта) Сәкен Сейфулиннің ескерткіші, Көкшетауда - Абылай хан, Омбы қаласында - Шоқан Уәлиханов ескерткіші және тағы басқа жобалар іске асты. Бүгінде ол Қаныш Сәтпаевтың ескерткішін Мәскеу қаласында әзірлеуді ұсынып отыр. Себебі ол жақта қоладан ескерткіш құю кәсібі жақсы дамыған. Жалпы, Степногорск қаласында аталған ескерткішті орнату және соның айналасын абаттандыру жұмыстарына 35,6 млн теңгеқарастырылған.     

Соңғы жаңалықтар