Ақмола облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшылығы 17 млн теңгені жымқырған
2022 жылғы 21 маусым 13:39

Ақмола облысында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшылығы 17 млн теңгені жымқырған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры мен басқа да тұлғалардың ақшалай қаражатты жымқырғандығы әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеу барысында анықталғандай, Целиноград ауданындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры мен басқа да тұлғалары өз қалауы бойынша, сондай-ақ орталықтың қызмет алушыларын хабардар етпей және келісімінсіз нотариалдық сенімхаттарды пайдалана отырып, олардың ақшалай қаражатына билік еткен. Сонымен қатар, тергеу бұл мекемеге 2019-2021 жылдар аралығында жалақы және басқа төлемдер түрінде ақша берілген және аударылған іс жүзінде жұмыс істемеген тұлғалар ресми түрде жұмысқа орналасқандығын анықтады. Бюджет қаражатын ұрлаудан келтірілген залал көлемі 17 миллион теңгеден асты. Қылмыстық іс сотта қаралуда», - деді Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан атап өткендей, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қылмыстық іс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді, оның ұсынымдары сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою бойынша пәрменді шаралар қабылдау туралы ұсынысқа енгізілді (ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен).

Атап айтқанда, ұсыныста басшылардың өз қарамағындағы қызметкерлері қызметіне тиісті бақылауды, әлеуметтік сала қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауын, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің және мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету қажеттілігі көрсетілген.

Сонымен қатар, өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін талқылау бойынша кездесу өткізді.

Кездесу барысында облыстық Антикор басшысы Арман Рахимов атап өткендей, тергеу әлеуметтік қорғау саласында кемшіліктер орын алғанын көрсетті. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдауға тиіс жосықсыз лауазымды тұлғалар, керісінше, одан пайда табады. Мұндай шенеуніктер, сондай-ақ олардың басшылары міндетті түрде қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында бизнеспен айналысқан 10 шенеунікке 636 мың теңгеден айыппұл салынған болатын.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT