Ақмола облысында 87 гидротехникалық нысан тексерілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары пысықталуда. Бұл туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Мәжілісте баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаровтың айтуынша, көктемгі су тасқынын болдырмау үшін облыстың әр өңірінде көшпелі мәжіліс өткізіліп, негізгі міндеттер белгіленген.

«Аймақта тасқын судың зардабын болдырмау жөніндегі облыстық шұғыл штаб құрылды.
2015 жылдың сәуір және қараша айы аралығында өңірлердегі 87 гидротехникалық нысан тексеріліп, нығайту жұмыстары жүргізілді.
Облыстың елді мекендерінен 680 мың текше метр қар шығарылып, 50 мың тонна инерттік материалдар, 76,5 мың қап, 400 тонна жанар-жағар май дайындалды.
Жалпы облыс аудандары мен қалаларындағы тасқын су алу қаупі бар кезең аралығында көмек көрсету үшін облыстың азаматтық қорғаныс қалыптасуларында 2 174 адам, 504 бірлік инженерлік техника, 188 бірлік су сорғыш техникасы және 42 бірлік жүзу құралы әзірленді», деді Қ.Отаров сөзінде.
Облыс аумағындағы жағдайды тұрақты түрде бақылап, саралау жүргізіп отыру үшін гидрометеология бойынша облыстық орталықтың 29 метеобекеті, 19 гидробекеті, 10 агрометеобекеті тұрақты түрде жұмыс істейді. Аудандық әкімдіктердің күшімен өзен суларының жағдайы мен деңгейін бақылайтын 80 қосымша бекет ұйымдастыру да қолға алынуда.
«Оған қоса, жуырда «Көктем-2016» республикалық командалық-шатбтың оқу-жаттығуы өтіп, көктемгі су тасқыны салдарынан туындайтын төтенше жағдайлардың зардабын жою кезінде іс-қимыл және азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы пысықталды.
Сонымен қатар, облыс аумағында су тасқынын болдырмау мақсатында өзге де шаралар қолға алынуда», деді облыс әкімінің орынбасары.
Осы орайда аймақ басшысы қауіпті Қорғалжын, Астрахан, Целиноград, Аршалы және Атбасар аудандарда су тасқынына қарсы шараларды ерте бастау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Сілеті, Астана және Шағалалы су қоймаларындағы судың деңгейін бақылауға алып, қауіпті учаскелер мен бөгеттерді нығайтуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар