Ақмола облысында 86 жасар қарияның зейнетақысы бар болғаны 13 мың теңге

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Жасыл ауылының тұрғыны 86 жасар қария бар болғаны 13 мың теңге ғана зейнетақы алып жүр.

Кейуананың зейнетақысының осыншама аз болуы оның Ұлы Отан соғысы жылдары істеген еңбек өтілі мұрағаттарда тіркелмегеніне байланысты көрінеді. Кезінде еңбек кітапшасын аудандық мұрағаттар қорына тапсырмаған Үміт Шуақпаева бүгінгі күні соның зардабын тартып жатқан жайы бар.

Үш баланы дүниеге әкелген Үміт әжейге осы күні тек жалғыз баласының қызығын көруді жазған екен. Өйткені, бір баласы алты айлығында шетінеп кетсе, енді бірі туғаннан мүгедек болып 14 жасында дүниеден өтіпті. Өзі де 28 жасында жесір қалып, шөп шауып, орақ жұмысына белсене ат салысыпты.

Алайда, бүгінгі күні жасы сексеннің сеңгіріне жеткен қарияның жалғыз баласы мен бар-жоғы 3 жылдық еңбек өтілі ғана есепке алынып 13 мың теңге ғана зейнетақы тағайындалған. Бұл дегеніміз еліміздегі күн көрістің ең төменгі деңгейінен әлдеқайда аз ақша.

Осы орайда, соғыс жылдары жұрт қатарлы еңбек етіп, зейнетінен бейнетін көп көрген Үміт әжейдің жазығы қандай деген сұрақ мазалайды. Осы мақсатта ҚазАқпараттың тілшісі Бурабай аудандық зейнетақы төлеу орталығына хабарласқан болатын. Онда аталған орталықтың маманы Арман Әбдірахманов бізге Үміт апайдың еңбек өтілі тек, 3-ақ жыл болуы мен кәрілігіне байланысты ғана Үкіметтен жәрдемақы алып отырған айтып түсіндірді.

Өтпелі кезеңнің аумалы-төкпелі күндері мен егемендік алған жылдары көп құжаттар жоғалып кетті. Үміт апай сияқты бейнетінің зейнетін көре алмай жүрген адамдар қаншама десеңізші. Дегенмен, бүгінгі күні кезінде шөп шауып, орақ жұмысына белсене атсалысқан кейуанаға тағайындалған зейнетақы мөлшерін айтудың өзі ұят сияқты.

- Жасым болса 86-ға келді. Құдайға шүкір, Алланың берген шапағаты ғой. Бүгінгі таңда біреулер 60-70 мың теңге зейнетақы алады. Өмір бойы қара жұмыста жүрген маған 13 мың теңге зейнетақы тағайындалғанына күйінемін. Мен 60-70 мың теңге талап етпеймін, тым болмаса, дәрі-дәрмегіме жететіндей алсам ғой, - дейді кейуана күйініп.

Үміт әжейдің сөзінің жаны бар. Күрмеуі қиын мәселеге жауаптылар істің ақ-қарасын ажыратып, зейнеткерді тиесілі зейнетақысынан тарықтырмаса етті. Қарияның әлі де бұл мәселеге аудан, облыс басшылары да үн қосады деген үмітті сөнген жоқ. Тек, төрінен көрі жақын, жасы тоқсанды алқымдаған қарияның жан айғайына құлақ асып жатқан жан жоқ. Өкінішті-ақ,...

Соңғы жаңалықтар