Ақмола облысында 78 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 78 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі С.Кулагиннің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, деп хабарлады, облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде алдағы 2014-2015 жылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, су жіберу және сумен жабдықтау нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдай сөз болды.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Мартыненконың сөзіне қарағанда, жылу беру маусымына толыққанды дайын болу үшін 616 бу қазандығын дайындап, 51 шақырымнан астам жылу магистралі жөндеуді талап етеді. Ол үшін бюджеттен 13,4 миллиард теңге қажет.

Бұл жөнінде Көкшетау қаласының әкімі Ж.Нұрғалиев және Целиноград ауданының әкімі Бақберген Мәуленов хабардар етті.

Ал балалардың жазғы демалысы мәселесіне келсек, облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарованың мәліметі бойынша облыста биыл бір мезетте 11 мың баланы қабылдайтын қала маңындағы 17 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Биылғы жылы аталған сауықтыру орталықтарында 78 мың оқушы денсаулығын нығайта алады. Соңғы кездері облыс аумағында мектеп жанындағы жазғы лагерлер саны да 111-ге артқан.

Сондай-ақ, мәжілісте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды қаржыландыру мәселесі де сөз болды. Өткен жылы осы мақсатта бюджеттен 223 миллион қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 241 миллионға жетіп отыр. Мәселен, Көкшетау қаласындағы «Чайка» балаларды сауықтыру орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 23 миллион теңге бөлінді.

Сонымен қатар, аппарат кеңесінде су жіберу және сумен жабдықтау нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы да айтылды.

Соңғы жаңалықтар