Ақмола облысында 5300 отбасыға баспана беріледі

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырудың барлық көздері есебінен 570 мың шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Осылайша, 5300 отбасы үйлі болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл бірінші тоқсанда облыста тұрғын үй құрылысына 13,9 млрд теңге инвестиция салынып, 151 мың шаршы метр немесе 1348 баспана пайдалануға берілді. Бұл, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7% көп.

Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы саласында 10,4 млрд теңге сомасына 49 жоба іске асырылып, 595 жұмыс орны ашылады.

«Жалпы ауданы 49,4 мың шаршы метр болатын жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй немесе 1002 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үй құрылысына 2,9 млрд теңге жұмсалып, 21 жоба іске асырылады. Биылғы бірінші тоқсанда әкімдікке 178,7 млн теңге аударылып, оның 77,2% игерілген. 13,9 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үйді немесе 290 пәтерді пайдалануға беру жоспарланса, есепті кезеңде оның 150 пәтері салынды. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысында 202 жұмыс орны ашылады», - делінген министрлік ақпаратында.

Кредиттік тұрғын үй құрылысында 13 жобаны іске асыру үшін 5,6 млрд теңге қарастырылған. Бірінші тоқсанда 1,2 млрд теңге мөлшерінде облигациялар шығарылды. 35,5 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 712 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 250 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» аясында 2% несиемен «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруға биыл республикалық бюджеттен 181 тұрғын үй үшін 1,8 млрд теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар