Ақмола облысында 43 шенеунік сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапқа тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 43 лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахимов 2021 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындысы бойынша онлайн-брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департамент басшысының мәліметінше, жауапқа тартылған 43 адамның 5-і облыстық деңгейдегі, 5-і қалалық және 6-ы аудандық деңгейдегі басшылар. Есепті кезеңде өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 59 қылмыстық істі тіркеді, оның ішінде 42-і ауыр және аса ауыр қылмыстар. Қылмыстың көп бөлігі ұрлық пен алаяқтық, сондай-ақ парақорлықпен байланысты. Сонымен бірге, 21 адамға қатысты 36 іс сотқа жолданды.

Облыстың Антикоры жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 6 оқиғасын анықтады, онда 14 қылмыс анықталып, оған 17 адам тартылған. Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 8 фактісі, лауазымды тұлғалардың «көлеңкелі» экономика субъектілеріне қамқорлығының 3 фактісі анықталды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды сүйемелдеу аясында 14 қылмыс тіркелді.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға залалды өтеу қамтамасыз етілді.

«Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары төмендеуінің оң динамикасын атап өткім келеді, бұл үрдіс тек өңірде ғана емес, республика бойынша да байқалады. Бұл мемлекеттік басқару өкілдерінің де, сондай-ақ немқұрайлы емес азаматтардың да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аясындағы жұмысының нәтижесі», - деді спикер.

Тікелей эфирде өткен брифинг барысында Арман Рахимов мемлекеттік органдардың ҚР ҚПК 200-бабының тәртібінде ұсынулар енгізу арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың қайталанған жағдайларына жол бермеу шаралары туралы хабардар етті.

Атап айтқанда, биылғы жылдың 10 айында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 49 ұсыну енгізді. Мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен 28 кездесу өткізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша 41 лауазымды тұлға, оның ішінде 23 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 7 лауазымды тұлға жұмысынан шығарылды мен атқаратын қызметінен босатылды. Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды, 11 адамға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

Департамент басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 8 ақмолалық 980 мың теңге алды.

«Осы тұрғыда, азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға және сыбайлас жемқорлықтың әрбір белгілі фактісі туралы Агенттіктің 1424 Call-орталығына немесе өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлауға шақырамын. Департамент өз тарапынан әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданатынына сендіреді», - деп түйіндеді Арман Рахимов.


Соңғы жаңалықтар