Ақмола облысында 42 млн-ға жуық теңгенің әшекейлік бұйымдары ұрланды
Ведомство өкілдері хабарлағандай, 3 маусым күні Бурабай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан ломбард тоналғаны жөнінде шағым түскен.
Шағым иесінің сөзінше, маусымның 2-нен 3-іне қараған түні ұрылар жергілікті тұрғын үйлердің бірінде орналасқан ломбард ғимаратына кіріп, әшекейлік бұйымдарды қолды еткен. Ломбард иесіне келтірілген шығын 42 млн теңгеге жуық қаржыны құрады.
«Жедел-тергеу тобының өкілдері оқиға болған аумақты қарап, қылмыстан қалған іздерді тексерді, сондай-ақ ломбард қызметкерлерінен жауап алды. Тәртіп сақшылары ломбардтың бейнебақылау камералары мен оның айналасын және оған жақын аумақты зерделеді. Қылмысты іздестіру жұмыстары департамент басшылығының жеке бақылауында болды. Ал толыққанды жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін ведомствоның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылды»,-деп хабарлады ведомство өкілдері.
Әшекейлік бүйымдарды табу мақсатында полиция қызметкерлері Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық ломбардтарды тексеріп шықты. Сондай-ақ олар бұрын мүлік тонап сотталған азаматтардың барлығын тексерді.
«Ломбардты тонауы мүмкін деген күдікпен полииця қызметкерлері 3 адамнан тұратын топты анықтады. Олар: 30 бен 26 жас аралығындағы Щучинск қаласының екі тұрғыны мен 30 жастағы елорда тұрғыны болатын. Ұрлық әрекеті бойынша ҚР ҚК-нің 188 бабы 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұрланған бұйымдардың бір бөлігі тәркіленді»,-деп хабарлады өңірлік Полиция департаментінің өкілдері.
Ұсталғандар уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынып, олардың осы сияқты өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.