Ақмола облысында 42 500 теңгені 167 мың адам алған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірде коронавирус инфекциясының таралуымен күрес және карантин талаптарының сақталу мәселесіне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы өз сөзінде, медициналық құрал-жабдықтар мен атисептиктер шығарып, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге және халықтың өзге де әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсеткен ірі өндіріс орындары мен кәсіпкерлерге алғыс айтты.

«167 мың ақмолалық жалпы құны 7,1 миллиард теңге болатын 42500 теңге көлемінде материалдық көмек алды. Пандемияның таралуы кезінде тұрғындар мен ұйымдар үшін қажетті өнімдерді шығаратын жаңа өндіріс орындарын ашқан кәсіпорындарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Олардың арасында маска, медициналық құралдар және дезинфекциялық заттар шығарып жатқан Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы және тұрмыстық химия зауыты бар.

Осы сәтті пайдалана отырып, қиын уақытқа қарамай көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге және халықтың өзге де әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсеткен барлық кәсіпкерлерге алғыс білдіремін. Бұлар – «Kusto Group» компаниясы (Алматы), «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігі, Aizet Farm агрохолдингі (Ерейментау ауданы), «ТНК» (Жақсы ауданы), «Астана Өнім» (Целиноград ауданы) және «Үш бұлақ» (Ақкөл ауданы) тәрізді көптеген серіктестіктер», - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен бірге, аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қатаң бақылауда екенін атап өтті.

«Бірінші кезекте қажетті өнімдердің бағасын өсірмеу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бағаны негізсіз көтеру фактілері болған, оларға әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда»,- деп толықтырды Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар