Ақмола облысында 30-дан астам атыс қаруы тәркіленді
2022 жылғы 19 қаңтар 14:32

Ақмола облысында 30-дан астам атыс қаруы тәркіленді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жүргізілген «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары 30-дан астам атыс қаруын, 15 оқ-дәрі, 4 арнайы құрал, сондай-ақ 20 суық қару тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 18 қаңтарында Атбасар аудандық ПБ қызметкерлері жедел алдын алу шарасы аясында үй аулаларын аралау кезінде 44 жастағы жергілікті тұрғыннан тіркелмеген 12 калибрлі, ТОЗ-34р маркалы екі ұңғылы мылтық тәркіледі.

Сол күні облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығы тұрғынының көлігі мен жолаушысынан үш металл пышақ, металл «кастет» тапты.

Ал, 17 қаңтарда Бурабай ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғынынан тіркелмеген ИЖ-18Е, 16 калибрлі аңшылық мылтық тәркіленді.

«Барлық жағдай бойынша тексеру жүргізіледі, сонымен қатар сот-баллистикалық зерттеу тағайындалды. Жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша шешім қабылданады», - деді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, акция басталғаннан бері ақмолалық полиция қызметкерлері 403 қараусыз қалған ғимарат пен 554 қараусыз қалған саяжай массивін тексерді.


Jańalyqtar

MURAǴAT