Ақмола облысында 264 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 4 986 түлек мектеп бітірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде барлығы 4 986 оқушы мектеп бітірсе, олардың 3 649-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Ал, 264 оқушы  «Алтын белгіден» үміткер.  Білім мазмұнын жаңарту аясында және ҰБТ форматын жетілдіру мақсатында қорытынды аттестация процедурасы бітіру емтиханы және ЖОО-на түсу емтихандары болып бөлінді. Мемлекеттік емтихандар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дайындаған материалдарының негізінде өтеді. 11 сынып түлектерінің 100 пайызы мемлекеттік бітіру емтихандарын 29 мамырдан 9 маусым аралығында тапсырады. Ал, 2018 жылы ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. 

«Облыс бойынша барлығы 11 ҰБТ  тапсыру пункті бар. Олардың 3-еуі Астана қаласында орналасқан, онда Қорғалжын, Целиноград, Аршалы аудандарының түлектері тест тапсырады», - деп көрсетілген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар,  облыста жазғы маусым кезінде 17 сауықтыру орталығы қызмет істейтін болады. Жалпы, облыс бойынша 1-10 сыныптарда оқитын барлығы 111 700 оқушы болса, оның 99 пайызын осы орталықтарда демалдыру жоспарлануда.

Оған қоса, балалардың жазғы демалысын өткізу үшін мектеп жанында 600-ден астам лагерь ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Ұлы дала елі» және туристік өлкетану экспедициясы өткізілсе, 10 мың оқушы облыстың киелі жерлеріне саяхат жасайтын болады. 

Соңғы жаңалықтар