Ақмола облысында 25 жол-көлік инфрақұрылымы жобасы қолға алынды

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 18 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның барысында журналистер Қоянды, Қызылжар, Қабанбай батыр, Арайлы, Ы.Алтынсарин, Талапкер кенті мен Қосшы қаласының көше-жолдарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын байқап қайтты. Баспасөз турына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мен әкімдіктердің өкілдері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары және жергілікті қоғам белсенділері қатысты.

Жоғарыда аталған елді мекеннің барлығы елордаға таяу орналасқандықтан олар қысқауақытта ұлғая түсті. Оның нәтижесінде қосымша жол инфрақұрылымын салудың қажеттілігі туындады. Мәселен, Қоянды ауылындағы жолдардың ұзындығы бұрын 30 шақырымнан аспайтын. Қазір бұл көрсеткіш 145 шақырымға жетіп отыр. Алайда оның тек 20 шақырымдай аумағына ғана асфальтбетон төселген. Аталған ауылдың тұрғыны Данара Қабдылшәріпова өзекті мәселенің шешілуіне ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті көмектеседі деген сенімде.

«Күзде, көктемде балшыққа батып жүретінбіз. Көлікпен де, жаяу да өте алмайсың. Жазда шаңнан көз ашылмайды. Биыл Автомобиль жолдары комитетінің қолдауымен сең қозғалып, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға жол салынады деген үмітіміз басым», деді Д.Қабдылшәріпова.

Қояндыдағы Әл-Фараби көшесін жөндеп болған соң оның ұзындығы 17 шақырымға жуықтайды деп жоспарланған.

«Жоспар бойынша 2023 жылдың соңына дейін шамамен 3 шақырымдай жолды салуды жоспарлап отырмыз. Бұл негізгі жол мен іске қосылып тұрған электр желілерінің ұзындығы. Күрделі жөндеудің нәтижесінде бұл жол ұзаққа дейін қызмет етеді деп ойлаймыз. Себебі құрылыс барысында шойтас қолданылды. Бұл жолдың беріктігін нығайтады. Шойтастың диаметрі 70-тен 1,5 метрге дейін жетеді», деді Целиноград ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлімбек Бектеміров.

Бұл орайда министрлік халықты қажетті көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету үшін елді мекендердегі көшелердің күрделі жөндеу жұмыстарына ерекше басымдық беріп келе жатқанын айта кетейік. Мәселен, жыл сайын бұл бағытқа арналған қаржыландыру көлемі ұлғайып келеді. Атап айтқанда, биыл Ақмола облысының көлік инфрақұрылымына 18 млрд теңге қарастырылып отыр. Аталған ақша 25 жобаны іске асыруға бағытталған. Осы арқылы 22 елді мекеннің жол мәселесі шешіледі.

«Астанаға іргелес елді мекендердің өзекті жол учаскелерін жаңғыртуды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұдайы қолдап келеді. Осы ретте кешенді жоспар бар екенін, соған сәйкес 2023 жылы 18 млрд теңге бөлінгенін атап өткен жөн. Ақмола облысы үшін жеке бағдарлама ашылды. Қазір Қызылсуат ауылындамыз тұрмыз. Осы ауылда жүргізіліп жатқан жұмыстар биыл аяқталады. Сонымен қатар мұнда жарықтандыру жұмыстары іске асырылып жатыр», деді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары А.Ғабдуллина.

Ведомство өкілі айтқандай, 2023 жылы 17 жоба аяқталмақ. Осы арқылы 14 елді мекен жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі. Қалғанжобалар кезең-кезеңмен іске асырылады.


Соңғы жаңалықтар