Ақмола облысында 244 медицина қызметкері жетіспейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Ақмола облысында 244 медицина қызметкері жетіспейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте айтылғандай, облыстың денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік медициналық ұйымдарында 6946 медицина қызметкері, оның ішінде 1498 дәрігер және 5448 орта медицина қызметкері еңбек етеді. Өңірде 244 медицина қызметкері жетіспейді.

«Бүгінгі таңда медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда. Медицина қызметкерлерінің жалақысы, дәрігерлерге 30 пайызға және орта медицина қызметкерлеріне 20 пайызға артты. Медицина қызметкерлеріне жатақханалар беру, жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, балабақшалардан орындар бөлу, ерлі-зайыптыларды жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік қолдау қамтамасыз етіледі. Баспанаға мұқтаж 53 жас маманның 39-ы баспанаға ие болды. Оның ішінде 13 дәрігер әкімдіктер есебінен, 23 - і медициналық ұйымдар есебінен, 3 - і демеушілер есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 74 медицина қызметкері тұрғын үй сатып алуға 320,1 миллион теңге несие алды», - деді Н.Сыздықов.

Сонымен бірге, басқарма басшысы атап өткендей, өңірде медицина қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлі үй салынды. Егіндікөл ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 8 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Атбасар ауданында бос тұрған ғимараттардың бірі 30 орындық жатақханаға қайта бейімделді. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды.

«Медицина қызметкерлеріне 1 миллион теңгеден бастап көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған, бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде медицина кадрларын тартуға және бекітуге ықпал етеді. Бүгінгі күні 20 адамнан өтінімін қабылданды. Медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен 20 жас маманға жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеге 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төлем жүргізілді», - деп атап өтті Н.Сыздықов.

«Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберінде 2021 жылдың 1 қарашасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 153 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 44,6 миллион теңгеге көтерме ақы төленді.

Дәрігер кадрлардың тапшылығын төмендету үшін жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант, республикалық бюджеттен 20 грант, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 50 грант және аудан әкімінің 1 гранты бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар