Ақмола облысында 2 жыл бойы құлдықта болған адам бостандық алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі бөлімнің қызметкерлерімен 2 жыл бойы құлдықта болған азамат босатылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Полицейлердің мәліметіне қарағанда, Бурабай ауданындағы Көрнекті ауылының тұрғыны 55 жасар ер азаматты екі жыл бойы заңсыз күштеп ұстап, жұмыс істеткізген көрінеді.

Осы орайда, күдікті зардап шегушінің оған ауыр материалдық жағдайына байланысты өзі келгендігін айтуда. «Оны ешкім күштеп, мәжбүрлеп жұмысқа салған жоқ. Істеген еңбегі үшін тиісті еңбек ақысын алды», - дейді ол.

Ал зардап шегушінің өзі керісінше пікір айтып отыр. Полицейлерге ол жұмыс беруші оның құжаттарын алып қойып, екі жыл бойы заңсыз күштеп ұстап, шаруашылығындағы жұмысқа жеккенін айтуда. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, 2012 жылы ол отбасымен бірге Бурабай ауданындағы Күлстан ауылына көшіп келген. Кейін өзінің танысы арқылы Көрнекті ауылының тұрғынына барып жұмысқа орналасады. Мұны ер азамат жұмыс емес, нағыз құлдық қамытын кидім деп отыр. Күдікті оған еңбегі үшін ақы төлемеген, керісінше ұрып-соғып, балағаттаған, сондай-ақ, күш көрсетіп, қорқытқан көрінеді. Зардап шегуші бірнеше мәрте Күлстандағы әпкесінің үйіне қашып барған. Алайда, жұмыс беруші оны күштеп кейін қайтарған екен.

Қазір аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 126-бабының 1-бөлімі (заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, зардап шегуші Көкшетауда қаласындағы оңалту орталығына жатқызылды.

Соңғы жаңалықтар