Ақмола облысында 176 көпбалалы отбасы баспана алады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың алты айында Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 323 мың шаршы метр үй беріліп, 3 мың отбасы баспаналы болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынған 2017 жылдан бері, облыста барлығы 1227,4 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілген. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесімен жалдамалы және несие арқылы берілетін баспаналардың құрылысы жүргізілуде.

«Биылғы жылға облыста тұрғын үй құрылысы үшін 12,5 миллиард теңге қаржы бағытталды. Оның 10,1 миллиард теңгесі республикалық, 2,4 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр», - дейді Елена Ысқақова.

Брифингте айтылғандай, биылғы жылы Ақмола облысында 501,9 мың шаршы метр баспана немесе 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беру жоспарланса, алты айдың қорытындысы бойынша 323 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 3 мың отбасы баспаналы болды.

Биыл сондай-ақ, наурыз айынан бастап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы бастау алды. Көпбалалы отбасылардың жалдамалы баспана алуына және тұрғын үй құрылысы үшін республика бойынша өңірлерге 50 миллиард теңге қаржы бөлу көзделген. Осы бағытта жалпы 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Яғни, бұл, жыл сайын көпбалалы 6 мың отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Биыл Ақмола облысына республикалық бюджет есебінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,2 миллиард теңгесі көпбалалы отбасыларға салынатын жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына, 220,4 миллион теңгесі көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үйді сатып алу үшін көзделген. Жалдамалы тұрғын үй құрылысы және жалдамалы тұрғын үй сатып алу бағыттарын жүзеге асыру шеңберінде жыл соңына дейін облыс бойынша барлығы 176 көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - дейді Елена Ысқақова.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отырғанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар