Ақмола облысында 16,7 мың жұмыс орны ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – 2019 жылы Ақмола облысында 16,7 мың жұмыс орны ашылды, оның 8 010 тұрақты жұмыс орны. Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2019 жылы барлығы 3 083 адам қысқа мерзімді оқумен қамтылды. Екінші бағыт бойынша «Бастау бизнес» жобасы арқылы 4 030 адам кәсіпкерлік негізі бойынша оқыды. Ауылдық және қалалық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 1 048 шағын несие берілді. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 579,2 миллион теңгеге 1 518 грант бөлінді. Үшінші бағыт бойынша 757 адам жастар тәжірибесіне, 602 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 240 ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ, 109 жәрмеңке өткізіліп, онда 4 624 бос жұмы орны ұсынылды, 296 адам жұмысқа орналасты.

Жиында аймақ басшысы аудандар мен Көкшетау және Степногор қалаларының әкімдеріне мал шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырма берді.

«Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қуатына шығуын қамтамасыз ету, біртіндеп мал басын көбейту үшін нақыт жағдай жасалуы керек. Кез келген экономиканың тұрақты болуының басты тірге – шағын және орта бизнестің дамуы. Өткен жылы азайған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын ағымда жылы қайта қалпына келтіру қажет», – деді аймақ басшысы.

Аудан және қала әкімдері мен басқарма басшылары 2020 жылы жоспарланған көрсеткіштерді толық орындауда табысты жұмыс істеулері керек.

«Жоспарланған барлық шараларды орындауымыз керек. Оның ішінде Жол картасы көрсеткіштерін орындау, кешенді жоспармен жұмыс істеу қажет», – деп түйіндеді аймақ басшысы.

Осы ретте, аймақ басшысы жиналғандарға жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыру басты мақсат екенін еске салды.

Соңғы жаңалықтар